«Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 16 маусымдағы № 53 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 28 мамырдағы № 58 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 16 маусымдағы № 53 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36280 болып тіркелген) мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидаларында:
2-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) ауылдық елді мекендерде микрокредит беру мен лизингтің ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - ақпараттық жүйе) - микрокредит/лизинг алуға электрондық өтінім беруге, сондай-ақ ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда жобаларға микрокредит беру және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар лизингі кезінде сенім білдірілген өкілдің (агенттің) қызметін автоматтандыруға арналған цифрлық платформа;»;
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган ауылдық округтер бөлінісінде алдағы кезеңге арналған микрокредит беру және лизинг түрлері бойынша деректерді қамтитын ақпаратты есепті қаржы жылынан кейінгі жылғы 15 ақпанға дейінгі мерзімде жергілікті атқарушы органның интернет-ресурстарында және ақпараттық жүйеде орналастыру үшін ауданның жергілікті атқарушы органдарына және сенім білдірілген агентке жібереді.»;